Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  86


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БАЙТАЛ ТҮГІЛ БАС ҚАЙҒЫ

Алматыда «Тұлпар» да, «Байтал» да бар,
Қылмаңдаған қас керіп сайқал да бар,
Қайран, қыздар, кімдерге қор болғансың,
Қыз күнінде қылымсып бай таңдаған.
Ұмыт қалып ата-ана сүйінген күн,
Байқалмайды қамығып, күйінгенің,
Жапсырыпсың үстіне абыройды
Жабатындай шетелдік киімдерің.
Өмір осы талайды еңіреткен,
Нені іздейді, білмеймін, төңіректен,
Қанша қымбат əтірді құйса-дағы,
Темекі иісі шығады кеңірдектен.
Сатпақ болған заттарын санап көріп,
Біреу отыр қыздарға шарап беріп.
Жаймасына жайғанын өткізбекке
Айқайлайды əрқайсы тамақ керіп.
Талай қыздың қиылып бұрымдары,
Аз болды ма жауқазын жұлынғаны?!
Ат қойыпты «Байтал» деп дүкенге де,
Қай арада қалды екен құлындары?!
Байтал түгіл бас қайғы, шіркін, заман,
Боларсың ба бір күн мал, бір күн адам,
У-шуынан базардың бас айналып,
Еске түсті құлын-тай шұрқыраған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу