Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  79


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Өксіп кетті қанша жыл, жылап кетті қанша күн...

Өксіп кетті қанша жыл, жылап кетті қанша күн...
Қасиетті сөздерді қайталаудан шаршадым.
Бай ұлындай жеріген қылығынан ханшаның,
Көлкілдеген сөздерден, күлкілерден шаршадым.
Суығынан пəтердің, ыстығынан моншаның,
Бірде тонып-селкілдеп, бірде терлеп шаршадым.
Аялаған арудың жанарына қонса мұң,
Тасып-толған жандармен алысам деп шаршадым.
Тиын санап біреулер, біреу санап мал санын,
Арамдардың санына жете алмай мен шаршадым.
Қап-қараңғы жүрегін кеуде керген баршаның,
Алар ма еді аластап бұтағымен аршаның?!
Сабағынан үзілді мезгіл жетпей қанша гүл,
Күнəдан пəк, алаңсыз бала күнді аңсадым.
Тоқта, тоқта, бауырым!
Дейді біреу: «Сəл, сабыр!»
Тоқтаймын деп оқталып,
тоқтай алмай шаршадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу