Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  105


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҮШ БИГЕ АЙТАР ДАТ

Жоғарғы соттың жанында құрыпты малдас үш биім,
Найқалған нарық тұсында шешімін табар іс қиын.
Ақиқат күткен ақ үйден келеді шығып біреулер,
Оларға, бірақ, адалдық, əділдік құны бес тиын.
Тура би болам десең де, көбінде, сірə, туған көп,
Түзу сөз қисық кеткен соң, табатын тұрақ иман жоқ.
Шешендер ашқан тас бұлақ өзенге келіп құйған жоқ,
Көсемдер айтқан ынтымақ арнаға неге сыйған жоқ.
Қазыбек, Төле, Əйтеке!!!
Үш бұты едің ошақтың,
Қазақтың қара нарлары-ай, тізгінді неге босаттың?!
Жазықсыз жанға тас атып, жемқорға пара асатып,
Жадағай жауыр торыға күмістен тоқым жасаттың.
Үшеуің түгел тұрғанда кетпей ме тасып күш деген,
Сабақты жете білмесең, əдемі баға үш деген.
Аққу мен шортан, шаяндай
үш жаққа тартса үш жүзім,
Қылатын шара таба алмай, өзімнен өзім тістенем.
Ұлы жүз!
Ұлы болсаң да, ұлы деп сені айта алман,
Кіші жүз!
Кіші болсаң да, кіші деп бетін қайтарман.
Орта жүз болып ортайып,
Жасыма жетпей қартайып,
Ыдыста тұрған шалаптай шараға түспей шайқалғам.
Елімде менің тұрса екен деп тілеп жүрсем үш бірлік,
Болмауы керек біздерде үш тізгін, яғни үш тірлік.
Тасындай мөлдір лағылдың билердің сөзін сағындым,
Болсын деп тұтас материк бөлініп кеткен үш құрылық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу