Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  85


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ойы мен ісі тұратын биік...

Ойы мен ісі тұратын биік,
Шалдардан мен де бата алғам.
Маубастар, бірақ, шамыма тиіп,
Жасымнан теңтек атанғам.
Болса да бүгін көздері тірі,
Айтамын кімге өкпені?!
Ат қойған маған ағаның бірі
Байлаусыз жынды деп мені.
Кісі көп жүрген күштіге батпай,
Дұрыстың көбі бұрыс боп,
Айтқаным тура туысқа жақпай,
Атаған жалаң қылыш деп.
Келгенде қаскөй ентелеп үйге,
Ішінде жатқан түтін көп,
Жағасын жырттым есердің кейде
Қалсын деп арым бүтін боп.
Сөйлесем қатты тегіме тартып,
Естіген халық не дейді?!
Өзімнен емес, сөзімнен қорқып,
Жүргендер тіпті көбейді.
Тұрған соң тасып қайрат пен күшім,
Дұшпаным тағы өшігер.
Бұзықтық қылсам намысым үшін,
Ел-жұртым мені кешірер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу