Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  101


Автор: Ақылбек Шаяхмет

МАҚТАНУҒА ХАҚЫМ БАР

Жаз ыстығы – маусым менен шілдеде
Бөленгенде үлде менен бүлдеге,
Ер-тұрманды атым тұрды кермеде,
Қолда күшім, бойда қуат барында
Тұнжырадым мен неге?!
Ойладым ба ата-баба арманын,
Жас ұрпаққа қандай мұра қалғанын?
Көреміз ғой тағдыр басқа салғанын,
Шүкір, шүкір!
Заман тыныш, ел аман,
Кім біледі əр жағын...
Қатал қыста – қаңтар менен ақпанда,
Кездейсоқта түскен кезде қақпанға,
Аңшыларым мəз-мəйрам боп жатқанда,
Қасқыр-сынды қыршып тастап аяқты,
Аман қалдым оқтан да.
Еккені бар, шыққаны жоқ ел көргем,
Иттері бар, сырттаны жоқ ел көргем.
Адамы жоқ, қамалы көп бел көргем,
Суы кеуіп, тұзы қалған түбінде,
Аралдайын тебіренгем.
Қаласынан моласы көп далада,
Бітеу жара – обасы көп далада,
Қуаныштан наласы көп далада,
Қызық қуып, қымыз ішіп, қыз сүйіп,
Масайрауға бола ма?!
Тұнық сулар жасы емес пе ананың,
Қызғалдақтар қаны емес пе бабаның?!
Неге, неге бөгеледі қаламым,
Қиқу салып шауып келе жатқандай,
Перзенттері даланың.
Қанша жерді, қаншама елді шарладым,
Ұзын арқан, кең тұсауды барладым.
Бірінде де, бірақ, тоқтап қалмадым,
Туған жердей табанымды жылытар
Тұрақ таба алмадым.
Шын мəнінде қарапайым пендеге,
Үлкен тілін кіші алмайтын елде де,
Қанаттылар ұша алмайтын жерде де,
Қиын емес қыран емес, қарғаны
Қоя салу көрмеге.
Кітабынан оқ-дəрісі көп елде,
Шəкіртінен жауынгері көп елде,
Ұстазынан генералы көп елде,
Өнер-білім ұясымыз дегенге,
Сенбеймін бе, сенем бе?!
Өгейсінбей өнерін де өзге елдің,
Бəлкім, осы күніме де тез келдім,
Көбісінен жирендім де, өзгердім.
Дəріптеуге өз халқымның дəстүрін,
Сонда барып сөз бердім.
Қазақпын деп жауға шапса батырлар,
Азатпын деп жыр толғаса ақындар,
Жүрегімде жалындаған отым бар,
Алыппын деп қырда туып, қырда өскен,
Мақтануға хақым бар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу