Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  117


Автор: Ақылбек Шаяхмет

КӨК БӨРІНІҢ ҰРПАҒЫ

Іште жүрген талайғы,
Айтсам сөзді қолайлы,
Кəдеге асса жарайды,
Сөзімнің жоқ бұлтағы,
Атқан болса арайлы
Азаттықтың нұр-таңы,
Еркіндіктің іргесін
Қалап берген біздерге
Бөрілердің сырттаны,
Жігіттердің сұлтаны,
Абалатпай күшігін,
Іргені кім қымтады?
Қолтығына кісінің
Жақын тұрар шынтағы.
Даңқын елден асырған,
Қас дұшпанын қашырған,
Қобыланды бабамыз
Көк бөрінің ұрпағы.
Батса да сөз шымбайға,
Өткен күнді мұндайда
Тұра алмайсың жаңғыртпай,
Жетімдерді қаңғыртпай,
Сарбаздарды қалғытпай,
Осы күнге мерейлі
Аман жетсек шалдықпай,
Тұлға болар бір жұртқа,
Түп-анамыз қыз-Құртқа.
Шола білсек арғыны,
Бастан өткен, болған іс –
Қазағымның зар-мұңы,
Не екенін ар-намыс
Ұғындырған ұлдарға
Алпамыс пен Тарғыны.
Сол заманның шындығы –
Алдаркөсе қулығы,
Қожанасыр қалжыңы
Кедей қылып байларды,
Бай қылыпты жарлыны.
Көбейгенде шер-мұңы,
Аңыз болған ерлігі,
Қасқа ат мінген Қамбардай
Арқалаған ел жүгін,
Судан шыққан Ер Төстік,
Көрден шыққан Көрқұлы,
Қозы баққан Көрпеш пен
Еңіреген Едіге
Екендігі белгілі.
Соққан кезде жел-жібек,
Көйлектері желбіреп,
Қиғаш қасы қиылып,
Қара көзі мөлдіреп,
Өнерлерін əйгілеп,
Жүрген жерде белгі көп,
Үлгі болған қыздарға
Ақ Баян мен Қыз-Жібек.
Батыр болса бабамыз,
Асыл болса анамыз,
Сынап көрмей бақты шын,
Қалай артта қаламыз?
Жалғастырмай жақсы ісін,
Қайтіп байыз табамыз?!
Жақсы атадан туған соң,
Ата жолын қуған соң,
Қайтіп жаман боламыз?!
Жанға толсын үйіміз,
Малға толсын қорамыз,
Ел ырысқа кенеліп,
Тереземіз теңеліп,
Ашылмасын арамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу