Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  118


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ТӘУЕЛСІЗДІК ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДА

Алтын қазақ, нар қазақ барыс мінген,
Жетті бізге мұқалмай алыс күннен.
Нар қазақпен – намысы бар қазақпен
Сонау ықылым заманнан таныспын мен.
Осы қазақ қой айдап, жылқы баққан,
Садақ оғын дұшпанға зырқыратқан,
Өзі барып ешкімге тиіспеген,
Келген жауды жығып сап, шырқыратқан.
Осы қазақ кен қазып, дəн өсірген,
Асқан талай өмірдің белесінен.
Кісі аузына тосқан ол бар тапқанын,
Құр қалса да өзінің үлесінен.
Осы қазақ күй тартып, əн шығарған,
Жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған.
Ұрпағы үшін шырылдап суға түсіп,
Ажалға да қаймықпай қарсы барған.
Осы қазақ бақ егіп, қала салған,
Сөз саптаған билермен таласа алған.
Насыбайдан бір атым көңілі қалып,
Бір сөз үшін айықпас жара салған.
Осы қазақ елі үшін атқа мінген,
Жанып жатқан лапылдап отқа кірген,
Бойтұмар қып ар-ұждан – қазынасын,
Абыройын жоғалтпай сақтап жүрген.
Болашаққа бастаған көші ғажап,
Жұбан ақын жырлаған осы қазақ.
Ұрттап жүрген арағын, сырасын да,
Орыс пенен қытайдың досы қазақ.
Ақ орнына сатып ап арақ ішіп,
Жолын кесіп өтті ме қара мысық?
Сол қазақтың зəузаты өсіп жатқан
Отауында абалар ала күшік.
Ақ боз атын қарғытқан жар үстінен,
Өткен күннен кеттік пе алыс мүлдем?!
Сол қазақтың ұрпағы осы күні,
Еттің өзін жейді екен шанышқымен.
Жанына ерген қастық қып жолдасына,
Жолдан тапқан мəз болып олжасына.
Сол қазақ қой сабаған қамшыменен
Байлап қойып əкесін арбасына.
Кешіккен соң далада ерте көктем,
Қыс ызғарын қумаппын желкелеп мен.
Сол қазақ қой шешесін сыртқа теуіп,
Сұр жыланды қойнына ап еркелеткен.
Сол қазақ қой қос тілді қос қанат деп,
Мəстекті де бəйгеге қосқан ат деп,
Ғасырлардың түйісер тұсына кеп,
«Не болар деп тағдырым?!» – сасқан ептеп.
Сенің пірің, қазағым, алыс күннен,
Келген батыр астына барыс мінген.
Желтоқсанның желімен мұз қозғалып,
Қиянатпен барыстай алыстым мен.
Алтын қазақ, нар қазақ барыс мінген,
Жетті бізге жарқырап алыс күннен.
Нар қазақпен – намысы бар қазақпен,
Жиырмасыншы ғасырда табыстым мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу