Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  94


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

МАРТ

Шәйі етегі сусырап аулада жүр Күншуақ,
Суырады көк сабақ әр жерді бір шымшылап.
Сары қаншық қыңсылап, қашқан болып арланнан,
Қапқан болып шаңқ етіп,
Қайта айналды қыңсылап.
Көлеңкесі тас үйдің – сол дегдімей тұр жалғыз –
Пеште ұйықтаған мысықтай қос уыс қар кір-жамбыз
Жатып қапты бүк түсіп,
Мезгіл жетті – бітті ісі:
Өстіп-өстіп жоғалмақ бір маусымның мықтысы.
Жастар жатақханасы – балкон ашық тұр, әне,
Қызғалдақтың исіндей қыздың даусы шығады.
Былтырғы күй табағы – қайта оянды сұңқылдап,
Сол сұңқылды, белгісіз, отыр екен кім тыңдап!
Екі-үш жігіт қутыңдап,
Балконда жүр, әне өріп –
Тамып түсе жаздайды қыздың көзі – қара өрік.
Бір шапалақ шарт етті сақалы бар бетке есіл –
Сақ ойнаңдар, жігіттер, көктемгі қыз өкпешіл:
Жымиюдың аяғы – жылау болып кетпесін,
Жылынудың аяғы – тұмау болып кетпесін!
Шаңдатқанмен шуақ жақ,
Көлеңке жақ – лас әлі,
Автобустар асығыс лай шашып асады.
Бүгін – жаяу,
Кешегі машинашыл халық бұл,
Жас шөпірдің алдында жасыл жарық жанып тұр.
Күн шуақта – бір мысық,
Жеңгем ұйықтап қалыпты,
ал бір әжем басына қызыл байлап алыпты.
Шай құюлы тұр еді жаңа үйімде, кеседе,
Қырықтағы ел – еңбекшіл,
Елікпейді десе де –
ойлап-ойлап еселеп,
Түсінбедім, не себеп:
Мен де шығып кетіппін байқаусызда көшеге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу