Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  60


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЕМЕН

Қар мен желге қарсы бітіп алып тұр,
жалаң төсін найзағаймен жанып тұр.
Шекісіпті шеңгел болып тамырлар –
қара тасты бүріп қатып қалып тұр.
Мынау қартың еске салды жетімді:
арық қолдар – бұтақтары секілді.
Жапырағын сыпырып ап кекілді
табиғаттың мұқатқаны секілді.
Түбінде қарт бір үндейтін секілді,
сөйлеп кетсе сүрінбейтін секілді.
Уақыттың – келер күннің алдында
тізесі сәл дірілдейтін секілді.
Тамырында су ағатын секілді,
сол су бәрін жуа алатын секілді.
Қара тасты аспанға атып бөрік қып,
түбінде бір қуанатын секілді.
Емен – шындық (өзің жалған секілді),
қарт көңілге сезу де арман секілді.
Жапырағын – жел,
ұлын – майдан жоқ етіп –
еменге ептеп төзу қалған секілді.
Ей, қара шал!
Кірмек едім даң-дұң қуған топқа әлгі...
Сені көріп түсінгендей боп қалдым,
төзу де үлкен күрес пе екен деп қалдым,
өстіп мен де бір қабаққа тоқталдым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу