Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  93


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

СӨЗ ҚУУ

– Жұмыс бітті!
Біте қойсын, ол жайлы
байқап-байқап сөйлемесе болмайды:
ағаш бітті,
егілді, әне бір шыбық,
кітап бітті,– басталды бір тіршілік.
Тау құлаттың – орынында тас қалды,
Үй сап біттік – бірі жаңа басталды.
Талай жұмыс бітірдік біз, уәйім ғып,
жаңа істерге жасау үшін дайындық.
Дайындықтар жүріп жатыр.
Бәр-бәрі
Қайрат-күшті дайындыққа арнады:
бүкіл тірлік – тек дайындық деп өстім,
бірақ бәрін бітірем деп егестім.
Жақсы бір іс бітірдің деп мені ешкім,
Мақтағанын бір естіген емеспін...
Аспандағы бір жұлдызды қақшып ап,
Ұлы мақсат, маңдайыма жақ шырақ!
Бүгінгі үміт кешегіден тәттірек,
«бүгін»– жақсы,
бірақ «ертең»– жақсырақ.
«Бітті» дейсің – бөлу қалған сықылды.
бәрі бітіп – өлу қалған сықылды.
Жоқ, біткен жоқ! Ештеңе де біткен жоқ:
тау өзені ағып әлі біткен жоқ,
Әлсіздердің бағынары біткен жоқ,
күштілердің табынары біткен жоқ,
сөз қуаты – мағына әлі біткен жоқ.
Күл болудың Отырары біткен жоқ,
Гүлденудің топырағы біткен жоқ;
Мавзолейге бұдан алпыс жыл бұрын
Тұрған кезек өтіп әлі біткен жоқ!
Жұмыс бітті. Рас шығар біткені,
Қағаз-ісін жинады жұрт, бүктеді.
Алты соқты (үйге барып қонып қайту керек қой),
Уақыт-дос, кеңсе алдынан күт мені!
Минуттарды қанат жасап, қарқын ғып,
Ұшады адам – көп қанаты бар тірлік.
Біту ме осы?
Сезіп жүрмін анық мен:
Жылу бітпей тұрған шақта Жарықпен
«біту» деген «жалғасуға» балама –
Жалғасқанды бітті деуге бола ма?
Жоқ!
Біткен жоқ, ештеңе де жоқ біткен,
Наным бар деп ойнамайық тоқтықпен.
Аздығынан шығар аштық жоғалса,
Үміт, мақсат таусылмаса – көптіктен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу