Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  75


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ШӨЛ

Құла-сары төбе-үстірт,
Құла-дала, кеңістік.
Пеш күрсінген сияқты
бетке ұрады жел-ыстық.
Жолға айдаған қай қырсық?
Бір уыс жел құйын болып құтырды.
Қосаяқ та айғырсып
Кісінейтін сықылды.
Бір жаңалық айтпақ едім хабар ғып –
Уа, құм, оян, сорлы, оян!
Орғып, орғып, тағы орғып
Тайып берді ор қоян.
Құм, құм, жақсы бір хабар:
Жаңбырлы бұлт келеді,
деп едім мен, май кептеген ұлтабар –
борсық безіп жөнелді.
Дедім тағы: хабарым бар, хабарым,
бұлт келеді қабарып.
Сұйық шөпті салдыратып, тоңқаңдап
Кірпі қашып барады.
Керек дедім бір сулық пен бір етік,
Су алар ін-қуысты:
пыр-пыр етіп, пыр етіп
шегіртке ұшты, шіл ұшты,
Бозторғайдың жоқ өңі,
даусы қалған қарлығып.
Жаңбырлы бұлт деп едім –
безіп кетті барлығы.
Кім біліпті хабар ма бұл жұғымсыз,
жапалаққа тағып жатты қарға айып.
Қайғырды тек құм үнсіз
Қияғымен сарғайып.
Кепкен сын-ды ерін емес, жүрек нақ,
Сағым ба анау, ауыл ма?
Бүлдіргіні білекке ап,
Сипай-сипай қамшыладым сауырға.
Үрпекте, иек-артпада
Сүйрік тартқан,
Шідерлі
торы ат маған жалт қарап
Кісінеп кеп жіберді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу