👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  20


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ШЫБЫҚТАР

Қар аралас жаңбыр жауды,
тоңдыңдар-ау қарғам-ай,
жапырағынан айрылғандар, хал қалай?
Емен, Терек, қол-аяғың балғадай,
жел өтінде сендер діріл қаққанда
ши-бұталар күйреп жатқан жоқ па анда?!
Қар аралас жаңбыр жауды,
жел беттен алады кеп,
күл боп сынған шөлмектен
шашыраған ұсақ-ұнтақ-жаңқадай!–
Жылауың бұлт, суық едің сен неткен!
Жамылғысыз, жапырақсыздар, хал қалай,
тоңып, жаурап қалдыңдар-ау қалқам-ай?!
Таңның шығын бұтағыңның бүрі ғып
тұрушы едің Күншығысқа бұрылып.
Бір-ақ жаздың көріп едің қызығын,
енді тағы күздің желі тұр ұлып!
Тобылғылы тоғайлардың атымен
бір-ақ жаздың рахатын татып ең,
ұлы ағаштар тасасында өстің де
сыбдырың да естілмеп ед ешкімге,
құлақ та жоқ мезгіл еді естуге –
бала-шыбық, халің қалай?
Иен елге
бір пайдамды тигізейін дегендер
сүйенеді бір мықтыға – Еменге,
тамыр тартып үлгіргенше тереңге...
Қар аралас жаңбыр жауды –
ызғар, ә?
Бура-бұлттар мұзға шөкті сыздана.
Қалтырайды жапырақсыз байғұстар,
ылғи осы: панасыздың, күшсіздің
көретіні – күз ғана.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы