Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  124


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ТЕЛЕФОНМЕН ШЕШЕМІЗ

Келеді ылғи телефонға барғысы,
– Әлө? Іспит! – дейді о кісі,
о кісі
келген шақта әлденелер дегісі
тындамайды ұзын сымның арғы ұшы.
– Қараңқағыр, өзі шырылдатып ап,
сөйлескісі келмей ме өзі ақымақ.
Өстіп, күйіп сөйлейді ылғи күбініп,–
таң қаламын, өтті осылай көп күнім
мен ауырғам, телефонға жоқ тыным:
тағы, тағы шешем барад жүгіріп.
– Әлө? Іспит!– дейді о кісі
о кісі
дейді, дейді келген кезде дегісі.
Кимешектен сәл шығарып құлағын
тағы бірде: Іспит, деді – шыдадым.
Әлө? Іспит, әлө, іспит!
ақыры,
«іспит» деген не сөзің деп сұрадым.
Дейді о кісі келген кезде дегісі:
– Қайдам,– деді сасқалақтап о кісі –
келін де ылғи «әлө? іспит» деп тұрады,
мен де соны айтқаным ғой, шырағым.
Түсіндірдім, «спит», деген сөз мәнін,
оған қоса талай сөздер мәнін тағы қозғадым.
Шошып кетті – сонсоң барып түсінді,
түсінгені шығар – мықтап қысылды.
Аяп кеттім: зердең, дедім, мол екен...
Ұялғанда – үлкендер де бала ғой.
Осы кезде шырылдады телефон,
ала ғой, деп жұбаттым мен ала ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу