Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  97


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Қара еменнің көршісі – Мұздыбай қарт бай, малды...

Қара еменнің көршісі – Мұздыбай қарт бай, малды,
айырылып бар күтімнен,
күтушіге айналды.
– Қарт – қаланы қалады, –
қой, қой, олай демеңдер,
қайырымды ел – қала елі,
және бәрі кемеңгер
серік болсын деп қартқа, мойны біткен әуке боп,
алып келді ұл бір жақтан шолақ құйрық дәу төбет.
Шәйнек тасса бір жақтан
ермек болды шын бұ да,
қоңырауы есіктің шырылдаса шыңғыра,
ит қыңсылап,
бір жақтан телефоны шылдырап.
Біледі қарт тұрмысты,
күле қарайд күйкіге:
қыдырмалау келеді бұ қаланың иті де,
мал айдау, ат жетектеу –
ескі мода, ескі ұғым,
жаңа мода мұндағы ит жетектеу кешқұрым.
Дүкен ақтап қария нанын алды ең әппақ,
ит қыдыртты,
есікке бір жүгірді далақтап.
Күні бойы әр қайда далақтап кеп, далақтап,
күн батқан соң ғана қарт тауық болды қонақтап.
Ғажап, ғажап тіршілік!
Тұмақ бауы жұлқына
желге жалбақтамайды,
мұз қатпайды мұртына,
батпақ түгіл, шаң түгіл
жел тимейді балаққа.
Қарттың, әттең, көңілі пәс –
бас түгінің бәрі әппақ,
қара бурыл шаш қалды ауылдағы тарақта.
Өз қорасы, өз еркі, болғанымен «өз елі»,
ас ішуге қол тимей талған талай өзегі:
шаруа көп қой қыстауда – пішені бар, қиы бар,
тоңқаң қағып кеш сайын алласы бар сиынар.
Башайыңнан ағад су – нөсер құйса төбеңнен,
қала – рахат, бой таза, тамағың тоқ дегенмен
көзі ілінсе болғаны – дала енеді түсіне,
сол далада көп жылқы әлі енеді түсіне,
Отқа қақтап жүреді тоңған қолын үсіген,
қара аты да түсіне енеді ылғи кісінеп.
Ал өңінде аспан бар,
көкжиек жоқ дөңгелек
боран керек, жел керек даласы бар кісіге!
Қара еменнің шілікше иілуі, о-дағы
қайсарлықтың, қайраттың қартайғаны болады.
Жылдар дерсіз сіз, бәлкім?
Обалы не, обалы
Мұздыбайға уақыт салмақ салған жоқ әлі.
Сырласпай-ақ қанықпын: Кемігенін танытты;
Шалдан гөрі, тұлғасы кемпірге ұсап қалыпты.
Бір қайрайын, есіне кездерін сап қымбатты,
Не құлатып кетейін деген оймен тіл қаттым:
– Қалай, аға, ақуал?
Тарлан көңіл тағы ұлып
азып қапсыз, жүрсіз бе қара еменді сағынып?!
Ит жетектеп жүргенше әр бұтаға қақтығып,
қайтпайсыз ба бірер ай ауыл барып, ат мініп?! –
Шайқады қарт ақ басын,
көзі жанып бірақ та
сол жалынның қызылы шапшыды бет, құлаққа:
– Қой, қой, бала, күштімін, көңіл-күйім төмендеп,
көрген емен арып та,
ауырғам жоқ не меңдеп,
қу еменді қайтейін қатып қалған шемен боп,
не көп біздің қалада, көріп жүрсің, емен көп...
Әкемізді жақсылап бағып жүрміз деп ұлы,
Үйде атам бар ғой деп кинода отыр келіні.
Ал Мұздыбай тірлігі – төрт қабырға, бір есік,
бір есіктен шығады қара итіне ілесіп,
Қыдыртады кімді кім:
ит пе,
қарт па,
тұрмыс па –
айта алмайсың о жағын – ақыл сараң, тіл қысқа.
Тұрмысы асыл қаланың,
келін есті, бала – асыл,
көрінгенге мақтайды таңдап алған қаласын.
Жамандамау – қайрат қой – ештеңені, ешкімді,
бірақ еменді айтқанда күрсінгені естілді.
О, тәкаппар көкірек!
Сен артықсың өзге емнен
емен үшін көктемес топыраққа кез келген.
Қартайыпты Мұздыбай – осыны анық айта алам –
тамыр тартпас, сірә, енді ол
тал-шыбық боп қайтадан.
Сәлем берер кісі көп,
жұрт аз сөзге жарайтын –
жауырынның сарсуы ұйып шықты талай түн.
Мінетұғын аты жоқ –
қартаймасқа қанша амал,
қажымасқа қанша амал –
Емені жоқ қарайтын.
Ей, қария баққандар!
Сенің үйің сол қарттың өз үйі ме?..
Түсінген,
түсінген жөн, түсінген, ең құрығанда,ішіңнен:
асырайды итті де күшігінен;
қу қайғы
ерлер түгіл ездің де өз еркінен тумайды,
шыбығынан өссе егер – топырақтың бәрі асыл,
қарт ағашты орнынан қозғап көрші – қурайды.
...Бала, келін ал кейде жетпей жатар деңгейге,
қайта көкте-тем десе – кемпір алып бермей ме!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу