Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  134


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Көктем келді көңілді көтергелі,

Көктем келді
көңілді көтергелі,
Жылымықтың
жып-жылы жетер лебі.
Жазғытұрым
Сілкініп алмаса бір,
Жүдеп-жадап
дүние кетер ме еді?!
Қыс қаһарлы
құлашын жая алмайды,
Ескек желдің
екпіні баяулайды.
Таразыда
теңелген Наурызымның
Аспанында
толықсып Ай аунайды.
Көқтеменің
көсіліп құба таңы,
Кірпігінен
қуаныш құлатады.
Сәмбі талдың
буыны балбыраса,
Бұтағында
жарылып бүр атады.
Бұйрат белдің
бұрқырап бетегесі,
Жусан иіскеп
жапанның кетер есі...
Тіршіліктің
түлетіп текеметін,
Бұлтияды
торғайдың бөтегесі.
Көктем келді
құлпыртып маң даланы,
Жан-жануар
наурызбен жанданады.
«Жыл келгендей
Жылымық сездіреді»,
Сандуғаштың
сызылтып салған әні...
Таусылмайды
тірлікте арман әлі?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу