Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  102


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Сыймай кеттің...

Сыймай кеттің,
жүрегім, қалыбыңа,
Арғымақтай
арманың арыды ма?!
Өртеп жүріп
өмірдің өзегін мен,
Алдым ба әлде
шарпытып жалынына?!
Желідегі
құлындай жұлқынасың,
Болды ма әлде
боз күннің бұлты басым?!
Сен аман бол,
Сенделткен серке сезім
мүйізінің тұқылы
сырқырасын.
Балалықтың,
жастықтың базарында,
Алынбадың
еркімнің назарында.
Тұлпар-тірлік
тұяғы тозғанынша.
Назырқанып
көрмедім наза-мұңға.
Жанып жаттың,
кеудемде лапылдадың,
Лүпілдедің
салуға ақынға мұң...
Азабымды
арқалап атандайын,
Сапарымның
шегіне жақындадың.
Жұқарды ма
жүректің оты қалың,
Жоқ, әйтеуір,
тірлікке опынарым!?
Демаламыз
екеуміз мәңгілікке,
Туған жердің
жастанып топырағын!..
Сені әлдилеп,
әзірге, отырамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу