Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  86


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Көкала сұп -сұр хаттарды -ай

Көкала сұп-сұр хаттарды-ай,
Тайдырдың тақтан бақ талай.
Қыршындай жаны қиылды, Жыйырмадан да аттамай.
Бүр жарып бүршік үлгермей
Махаббат өлді мақтадай.
Төмпешік болып үйіліп,
Шашырап қырда жатқаны-ай?!.
Қып-қызыл болып күн шығып,
Қып-қызыл нарттай батқан Ай.
Көк конверт көздің сорасын
Ағызды,
Ұлып борасын!
Қасірет, қайғы үңгіді
Қасиет– ғұмыр қорасын.
Жамандық жалаңаштаған
Көңілді,
Мәрттік орасын.
Есіңе түссе сұм соғыс
Қалтырап әлі тоңасың.
Жасасаң дағы жыл сайын
Жеңісті күннің жорасын,
Ағайын,
Туыс-туғанды
Жерлеп жатқандай боласың.
Әлі де ауыл-аймаққа
Көк кептер хаттар қонасың...
Сақалы шыққан немере
Іздейді Ата моласын.
Кешіккен хаттар хабары
Әлі кеп,
Сені табады.
Тоқсанға келген жесірдің
Көзінен жасы тамады.
Немерелерін құшақтап,
Бұзылар қайғы қамалы.
Ұранды ұрпақ сүйрейді
Шалдыққан шаршап шаманы.
Тамыры солып тартылған
Бұлдырап кәрі жанары
Қария қолы қалтылдап,
Сандықтан хатты алады.
Көк конверт хаттар әлі де
Бермейді тыным кәріге.
Ескі хат қанын көтеріп,
Созады қолын дәріге...
Үш бұрыш хаттар сол шақта
Береді қуат әліне...


Еменнен берік қарттар-ай,
Келеді шыдап бәріне!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу