Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  90


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Арызданар адам...

Арызданар адам,
Шағымданар Құдай қалмады,
“Өтірікті шындай,
Ақсақты тыңдай”
Шалады құмай жалғаны.
Күні күлдіреп,
Түні үлбіреп
Бүгіп тұр заман бұрау бармағын.
Басымды соғам тауға да,
Тасқа жаралап,
Алжыған ойды
Алжасқан жасқа бағалап.
Балбал боп тұрып,
Дал-дал боп құрып,
Иесіз қалды
Киесі қашқан Аманат...
Адасқан қаздай
Қаңқылдап ұшам, қаңқылдап,
Жарасқан наздай
Айдынды құшам салқындап.
Таусылып тағат,
Қаусырып қанат
Қураған қамыс – құрақтай,
Тулаған намыс құраттай
Уыста сығар алқымдап.
Тәңірім қайда?..
Әмірің жайға
қалды ма қырда адасып?!
Тәлімің Айға
Жаным, мұңайма,
Жел қаптап жерді,
Телміріп тұр ма таңасып.
Қалса да құрғап қарашық!
“Қоң етім борша,
арқа етім арша”- ашынам,
Қыдыр кеп қонса,
Бақытым жанса тасынам...
Күпінің биті қағынып,
Қанымды сорса жабылып,
Қышыған жерін
қан-жоса қылып қасынам.
Желкілдеп жаяу,
Жетер жер таяу –
Зорлықтан қашып келемін,
Өзегін өрт жеп,
Төзімін дерт жеп,
Жасудай жасып өлеңім,
Арызданар адам,
Қарызданар Құдай қалмаса,
Шабытты шашып төгемін,
Арманның есігін ашып беремін!..
Іздеңдер мені,
Ізім қалмаса “жасық” дер едің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу