Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  90


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ескі өмір

Ақ Ертістің жағасында кеште бір
Кезіп жүр ем,
Кезіктірді ескі өмір…
Қызыл шоқтан суырып ап қамырдай
Илеп жатыр екен балға-төс темір.
Солқылдатып соққан балға гүрсілін
Дала тыңдап,
Тыя қойды жыршы үнін.
Қызыл дене құшағынан ұшады
Шашыраған ұшқын болып мың шыбын.
О, ескі өмір,
Қанбаған ба илеуің,
Қызыл жебе қоймаған ба түйреуін?!
Төс темірдің талқысына тартылып,
Мүмкін емес қу ағаштай күймеуің!?
Ескі өмірдің жаны шығып жаншылып,
Қара суға суарылар малшынып.
Болаттайын буындарын бекітіп,
Шыға келер жұмыртқадай аршылып.
Ескі өмірдің ескі күні жаңарып,
Құлан-таза көңіл көзі ағарып,
Бір белеске тағы шығып барады,
Тірлігі үшін жанын беріп, жан алып.
Ескі өмірдің есі кетпес шыңдаса,
Кәрі емен иілмейді, сынбаса!..
Көктемеде көктер қайта көк жусан,
Топырақтан тамыр тартып тынбаса.
Ақ Ертістің жағасында кеште бір
Кезіп жүріп,
Кез боп қалды ескі өмір…
Батар күннің шапағынан қып-қызыл
Қонып жатты өңірге гүл,
Төске нұр…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу