Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  116


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Сен барда мынау жалғанда...

Сен барда мынау жалғанда,
атады таңым арайлап.
Өзіңді еске алғанда
құлпырып кетер бар аймақ.
Тағдырым шаршап талғанда
Артыма тұрам қарайлап.
Сен барда көңіл шуақты,
Жайлаудың жаңа жұртындай.
Кеудеден кәусәр күй ақты,
Тұмада тулап бір тынбай.
Сағыныш сазы сияқты,
Жаумаған жауын бұлтындай.
Өрісте өріп өмірім,
Өзегін өлең өртеді.
Білмедім жылдар жемірін,
Өткеннің бәрі ертегі.
Әркімнің туған жері– Күн,
Қаламас бөтен өлкені.
Бір уыс жусан бөлмемнің
ауасын тұр ғой аңқытып,
Жұпардай иісі ерменнің
әкетер бойды балқытып.
Өлеңді содан өргенмін,
Аққудай көлде қалқытып.
Сағынған сайын сүйіктім,
Тартады шабыт тыңға арна.
Кеудеңнен күмбір күй ұқтым,
көрсоқыр болып тұрғанда...
Өзіңмен ғана биікпін,
Төбеден, таудан, шыңнан да!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу