Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  84


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Заманым

Ол заманым бұл заман боп өзгерді,
Көрге кірмей көретінді көз көрді.
Жабайылық жайлап алған жалғанның
Құйрық-жалын күзейтұғын кез келді.
Жағадан ап жағаласқан жалған бұл,
Армандардың арайынан алған нұр.
Жылуына жылынып ап жанымның,
Көлеңкемде иттей ықтап қалған құр.
Жапырағым көктегенде бүр жарып,
Жайқалуға жасамады мырзалық.
Үйге кірген жыланға да ақ құйып,
Шығаратын жәбірлемей ырза қып.
Заман маған жасаған жоқ жақсылық,
Өзімді өзім күзеттім кеп сақшы қып.
Заман маған жасаған жоқ жамандық,
Өз өзімнен құрып жүрдім бақсылық.
Менің-дағы құйрық-жалым күзелді,
Көңіліме көктем…
Кейде күз енді.
Алты қабат таралғысы тозған соң
Сағағынан түсті үзіліп үзеңгі.
Жіпке тізген моншақтайын жылдарым,
өтіп жатты,
Мен өмірді жырладым
өксігімді өзегіне жасырып,
Бұ жалғаннан өзімді өзім ұрладым.
Қолайына жақпаған соң қоғамның,
Бұтақтағы жапырақтай тоналдым.
Бір-ақ теуіп тобығынан тірліктің,
Жолға шыққан жолаушыдай жоғалдым.
Содан бері жүрмін әлі қаңғырып,
Аузы-мұрнын мұңдарымның қан қылып…
Күркіресе,
Дүркіресе кейде бір,
Менің үнім көкте жүрген жаңғырып.
Мен сондамын мәңгілік…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу