Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  89


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жалғыз шыбын

Күздің күні,
Қала, дала құрысып,
Бөлме суық,
Біз де отырмыз бүрісіп…
О, құдірет!
Масағындай аңыздың
Үй ішінде жалғыз шыбын жүр ұшып.
Жалғыз шыбын
Жаздың қалған белгісі,
жанталасып келмейді ғой өлгісі?!
Тағдырының талқан қылып тұсауын,
Келер жазды жүрген шығар көргісі?!
Қуалама,
Ол да тірлік иесі,
Бір күн жарық оған
-дағы тиесі.
Қалбалақтап қыстан шығар, мүмкін, ол,
Тәңірінің тисе қолдап киесі?!
Тірлігінде таппай жүрген тынымын,
Менің…
Әлде сенің қара шыбының?!
Ұшып кетпей жүргеніне рахмет,
Біздер алып жатқанда көз шырымын!
Тіршіліктің бидайы мен мекені
Саған-дағы,
Оған-дағы жетеді.
Қысқа ғұмыр-сабындай-ақ қамшының
Сенен-дағы,
Одан-дағы өтеді.
Қуалама,
Жағымды екен ызыңы,
Тірлігінің қанша дейсің сызығы?!
«Жан бергенге дән берген де Құярет»,
таусылғанша ғұмырының қызығы.
Жүре берсің,
Жағымды екен ызыңы!…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу