Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  101


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Бұ дүниенің ақылы о дүниеге жүрмейді...

Бұ дүниенің ақылы о дүниеге жүрмейді,
(Бұ дүниенің иттері о дүниеде үрмейді).
Ібіліеске ілесіп ізіңде ізет қалмаса,
Жұмағына кіргізбей,
Тамұғында жүндейді.
Жүрегіңде ойнайды
Жыртыңдаған жын-нөпір,
Сапалағы сайтанның көр кеудеңде бірге отыр.
Құдайды да танымай құдіретсіп барасың,
«Асқанға да бір тосқан»,
алдыңда тұр қыл-көпір.
Қыл-көпірдер Құдайың құлатпауы үшін де,
Сайтандықтан сейіліп,
Кір періште пішінге!..
Ібілістің ұрпағы сыртқа шықпай тұншығып,
Шараналық кезінде өліп қалсын ішіңде.
Шалқарында шаттықтың
Шала мастай шайқалдым,
Адал менен арамды ажыратып айтар кім?!
Ойымдағы олқымды толтыра алмай опынып,
Арасында аздым ба адам менен сайтанның.
Қылдай күнә жасамай
Пәк боп кете алмаспын,
Тірілермен тілегім тірі күнде жалғассын.
Өмір бойы тынымсыз түн ұйқымды қашырып,
Сыртымдағы сайтанмен арпалыстым,
Арбастым…
Таудың тарғыл тасы да болмайды ғой қынасыз,
Тағдырыңның тағасы тайғанақтап тынасыз.
Бойымды да,
Ойымды кір-қоқыстан аршып ап,
Бұ дүниеден өтейін дегенім ғой күнәсіз.
Періштемін дегенмен,
Періштелік жазбаған,
Адамдықтан ақыры пенделер жоқ азбаған.
Талқысында тағдырдың тыныс деген тарылды,
Жалғаным – жап-жалаңаш,
Дүние-көсе, таз-ғалам!…
Жүрегімде, әйтеуір имандық бар аздаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу