Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  91


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Зират ет…

Жарқ етіп көкке шығамын,
Топ етіп жерге түсемін.
Шыңына жетпей шыдамым,
Дегбірі қашқан кісі едім.
Қауызын жарса қызыл гүл,
Арадай сордым шырынын.
Құлақта сарсып ызың бір,
Таппады тыным шыбыным.
Жайқалып жеміс жаздыгүн,
Таңдайға дәмі татыды.
Байырқап ғұмыр аздығын,
Жыртылды жылдар жатыры.
Жатырын жарып, жалаңаш
Сәби жыр келді өмірге.
Қуаныш мұңмен аралас
Қонақтап жатты көңілге.
Шабақтар сайран салғандай
Шалқыды шабыт айдыны.
Үмітім жүрді алданбай,
Үкісін үзер қай күні?!
Қозыдай қоңыр күндерім
Жалғасты ақша қарменен.
Аянын беріп бір керім,
Шиыршық атты сал денем.
Ауылға бұрдым ат басын,
Қалды ма екен жатсынып?!
Антымды адал ақтасын,
Кетейін жырды тапсырып.
Көкке ұшып мен де кетемін,
Қол үзіп мынау жалғаннан…
Тас үйген таудың етегін
Зират ет,
Елге барған жан?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу