Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  95


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Бір сағыныш...

Бір сағыныш...
Күндіз күлкі,
түнде ұйқымды ұрлады,
Ауылға ауған
аңсарым ғой бұл-дағы!?
Қарашатпен
қауышып бір қайтуға
Сыбай-сылтау
керек-ақ боп тұрғаны.
Балалықтың
аралайын базарын,
Қызық күннің
қалса егер жұрнағы!?
Сәмбі талдың
жапырағы төгіліп
тұрған шығар,
Шашағынан сөгіліп?!
Саясына
көз ілдіріп алайын,
Шалғынының
құшағына көміліп.
Жүйкесіне
қан жүгіріп,
қыдырып,
Шырағданын
жарқыратар өлі үміт?!
Бүркітсайды,
Құтымбетті қыдырып,
Баянайдың
бауырына тығылып,
Көк жусанды
жамбасыма жастанып
жатар едім,
шуағына жылынып...
О, туған жер,
өмір бойы іздеген
Сенде екен ғой
ақсақалды ұлылық!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу