Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  127


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Аманат етті бірлігін

Сұңқардай үнім саңқылдап,
Сөз алам биік мінбеден.
Санаңа құйып ал тыңдап,
Санасыз болсаң үндемен.
Суынған денем салқындап,
Суындай көлдің тартылмақ,
Сыбырлап сезім жырменен.
Егеулі найза қолға алып,
Еркіндік үшін егестім.
Ессіз күш бойда долданып,
Есігін бұзам деп өстім.
Елтіген көңіл жол қалып,
Ерлерше ерен толғанып,
Егеменді елмен теңестім.
Рақымын сұрап алланың,
Рахат күтіп жатпадым.
Риясыз күлсе жалғаның,
Раушан көңіл– бақтағы үн.
Рухын бабам жалғадым,
Риза қылып арманын,
Рухани медет тапқаным.
Іргелі елдің қимылын,
Ісіммен жұртқа таныттым.
Ізетсіз тартқан сыйлығың,
Іргедегі оты тамұқтың.
Іңкәрі ыстық күйлі үнім.
Іздеген таппай тұйғынын,
Іркіліп селкеу қалыппын.
Көңілім түндей қарайған,
Көр білте кеудем ызғарлы,
Көрікті таңым арайлан,
Кеудеден қуып мұз-қарды.
Күткенім еді талайдан,
Күйімді көрсет, шар айнам,
Күрестен қандай із қалды?
Ғаламның тілін ұғынып,
Ғарышқа қолым созғамын.
Ғұлама ойға жүгініп,
Ғадауат жолдан озбадым.
Ғашықтық оттан жылынып,
Ғаламат күштен бұғынып,
Ғазауат шоқтай қоздадым.
Адаспас арман– Ай мүсін,
Айласыз кешкен тірлігім.
Айқайлы кездің қайғысын,
Адақтап заман тұр бүгін.
Аңсаған тірлік жайылсын,
Ақ сақал, ақ шаш байғұсың
Аманат етті бірлігін…
Базарлы күнім- бағыма,
Бақытсыз күні сорладым.
Беделсіз билік тағына,
Барымта күрес жолдадым.
Баянсыз бұлдыр шағыма,
Бағыштап істің ағына,
Батырдай намыс қорғадым.
Дүбірге толы даламда,
Дүдәмәл көңіл қаңғиды.
Дүркіріп үрей санамда,
Дауасыз үнім қалғиды.
Дабылын соғар таң алда,
Дамылын жаным табар ма,
Даңғара жолдар сан қилы.
Уақыт үнсіз зырлайды,
Уанбай көңіл зар жайып,
Уыста тірлік тұрмайды,
Уланған сана сарғайып,
Усойқы тілім сынбайды,
Уытын шашып жырлайды,
Уағыз айтсам барма айып?!
Лайланса көңіл тұнығым,
Ләззаты тамбай таңдайға.
Лағылдың сынған сынығын,
Лақтырмас болар шалғайға.
Лала гүл тектес ғұмырым,
Лауазым биік тұғырын
Лажсыздан мәнәп алмай ма?
Лашындай қанат қағайын,
Лыпасыз көңіл көтеріп.
Лағнет айтпас ағайын,
Лебімнен тұрса от өріп,
Лаулаған қаудай жанайын,
Лайықты орын табайын,
Лайланған өмір, кет өліп!
Арманда өткен пендемін,
Аңырап жаным жылаған.
Азынап күйі перненің,
Алладан медет сұраған.
Айшықты өлең өрмедім,
Ақықтай дәнін термедім,
Артымда қалды сыбағам.
Ұзында өшім кетті ме,
Ұрланып келіп ұратын.
Ұлағат сөзім текті ме,
Ұқтырып мәнін тұратын?
Ұялар кезім жетті ме,
Ұрандап үнім өтті ме,
Ұрпақтың ойлап мұратын?
Лекерлеп соққан көңілді,
Ластамай таза ұстадым.
Лаң салып жанды кемірді,
Ләйлідей мұңды құстамын.
Лайықсыз тірлік өрілді,
Лашығым болған төрімді,
Лүпілдеп жүрек құшпадың.
Ылдидан төске шапқанда,
Ызалы кекті жоқтадым.
Ызғардай езгі батқанда,
Ызбарлы жебе оқтадым.
Ысқырып боран ақпанда,
Ышқынып таңым атқанда,
Ықтасын тауып тоқтадым…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу