Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  88


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Омыртқасын опырған бой да басым...

Омыртқасын опырған бой да басым,
Тәттісіне
тірліктің тоймағасын?!
Төзімің де
темірдей тозады екен,
Табағында
суыса қойған асың
Үмітіңді
күдігің көлеңкелеп,
Оңашада
отырып ойланасың.
Ауыл ғана
ажалдан арашалап
алатындай,
қарайсың тамашалап.
Сағынышың
сарғайған жапырақтай
Қалтырайды,
Жаныңды жанасалап.
Жел өтінде
тұлымы ұйпаланып,
Саудырайды
сүйегі қараша бақ.
Тозы шығып
топырақ туырылған,
Бақыт бағы
бидайдай қуырылған.
Айналайын,
ауылым, сенің-дағы
әл кетіпті
сіңірлі буыныңнан?!.
Сол баяғы
сыңсыған үн шығады,
Шуылдақтың
тулаған шуылынан.
ойығына
ойымның батып барам,
Енді қалай
мен сенен бақыт табам!?
Сен де,
мен де
мезгілдің уысында
умаждалып,
ащысын татып қалам...
Өзегінде
өмірдің өрілдік пе,
Тоқтата ма
тоқырап уақытты Адам?!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу