Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  107


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Соқыр сана.....

Соқыр сана,
соқыр сезім
Соқырлық...
Дүниені
бара жатыр топыр ғып?!
Жалмауыздың жаулығының астында
Күн көзінен
көлеңкелеп отырдық.
Көлеңкемен
көлеңке боп көлбедім,
Күннің нұрын,
Айдың жүзін ембедім...
Уызына
Жарымаған марқадай,


Семірудің орынына –семгемін.
Көтеремнің
күйін кешіп тұралап,
Бір сүрініп,
бір жығылдым,
құлап ап
қайта тұрдым,
Сіңіріме ілініп,
Сұрқай,
суық сорып жатты
сұр алап.
Қар құлады
көшкін жүріп таудағы,
Ақ қар
көк мұз
ауылымның аумағы.
Қара түнде
қасқыр жортып тынымсыз,
Қызыл түлкі
көбік қарға аунады.
Бірен-саран
ауыл иті арсылдап,
Қасқыр иісін
сезген кезде қалшылдап,
Қорадағы
үйшігіне тығылды,
Қолға түссе
құйрығынан шаншылмақ.
Өмір осы,
бірі күшті
бірі әлсіз,
Қара күшке
қалай қарсы тұрарсыз?!.
Иесімен
қинайды екен итті де,
Заман болса,
ұлансыз да ұрансыз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу