Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  95


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Мынау жалған дүниеде

Мынау жалған дүниеде
жарты емеспін,
бүтінмін!..
Арасында айшықтандым
нүкте менен үтірдің.
Ауылымнан ұзап шыққан
сүрлеу– соқпақ жолменен
Жүріп келіп,
ұтылдым.
Артымда Сен,
алдымда арман бар еді,
Кездеспеген тіршіліктің
қиын-қыстау әлегі.
Шындық іздеп шыңыраудан,
шыңдардан,
үзілмеген үкілеген
үмітімнің пәлегі...
Қарсы жүздім ағысқа да,
ағынға,
Ауылымды түлетуге бақшасында,
бағында...
Кейде ескексіз қайықтайын
қалтақтадым шарасыз,
Тау толқынның тұлап
тұрған жалында.
Кеудеме кеп шемен қатты
ызақорлық кектеніп,
Тайталастым,
күш күрестім,
кетпейін деп текке өліп.
Ортадағы ой опыр-топыр
өріс таптап жатқанда,
Менің ойым үйірінен
жырақтады,
шетте өріп.
Ақылымнан адаспадым
басқа шеңбер салса да,
Дүниеде мыйы айналып,
мәңгүрт болған қаншама?!
Түрік тектің тереңдегі
тамырын үзе алмады,
Шашын жұлып,
Басын кесіп алса да!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу