Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  93


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тықылдап тасқа таяғы...

Тықылдап тасқа таяғы,
Жаңғыртып жапан даламды,
Қаздаңдап қолы, аяғы...
Жанары судай қараңғы
мүсәпір кетіп барады.
Дәмеге толы дидары
бақытқа балқып батқандай?!
Қаймағы менен құймағын
батырып балға татқандай.
Көзілдірігі қап-қара,
түн түнеп, күні батқандай.
Жақынға-дағы, жатқа да
қарайды, қыбын тапқандай.
Жанары жасаурамайды,
Суалған сора құдығы.
Көрмейді таңғы арайды,
Санада мөлдір тұнығы.
Сөйлесе, сөзі шегедей,
өмірге құштар ынталық.
Айдында жүзген кемедей
жүретін жолын тұр танып.
Көкірек көзі шырақтай,
Көреді алыс-жақынды.
Атайды сенен сұратпай,
Саусақпен сипап, атыңды.
Түйсігі тұнық тұмадай,
сезеді сенің ішіңді.
Саусағы сығыр қуалай
айырар сенің түсіңді.
Әйтеуір, зағип адамның
жоқ сыяқты зар-мұңы.
Қарыштай басқан қадамның
Қауыпсыздайын барлығы?!
Жанары сөнген жандардың
көкірек көзі аңқиды...
Жарығын көру жалғанның
әр пенде үшін әр қилы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу