Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  80


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Пенделік пен періштелік арасы

Пенделік пен періштелік арасы
жер мен көктей,
салыстырып қарашы?!
Тіршіліктің шыңарауы, шыңы бар,
Бес саусақтың бірдей емес саласы.
Қиянаты,
инабаты,
арлығы,
жайсаңдығы,
зақорлығы, тарлығы
Жер бетінен табылады,
ал көкте
тазалықтың тұтасады барлығы.
Қара тірлік қара терге малшынып,
Жұмыр жерде жатса пенде жаншылып,
Көк жүзінде нұр-сәулеге шомылар,
періштелер жұмыртқадай аршылып.
Пері тірілік пешенеге жазылған,
Пенделерді кештіреді базынан.
Талақ етіп тағдырының тұнығын,
Тұңғиыққа батар көңіл қажыған.
Жетегінде жүріп жалған желіктің,
Ертеңгінің ертегіне еліктің...
Ақиқатты алақанда аялап,
тұнығында тербеледі көрік-Күн!
Көңілінің терезесін шаң басып,
Адам аты албастымен арбасып,
Пенделіктің пердесіне оранып,
бара жатты жын-шайтанға алмасып...
“Адамбыз?!”- деп алдар қатып өздерін,
Ақиқаттан аулақтайды көзкөрім...
Періште жүр жеткізуге ұялып,
Жердегінің сілекейлі сөздерін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу