Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  91


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қиялдаймын көз суарып аспанға...

Қиялдаймын көз суарып аспанға,
түн ұйқысы қашқанда.
Жыпырлаған жұлдыздардың жүрегі
құпиясын ашқан ба?!
Түпсіз терең тұңғиығы ғарыштың
аңдауыма алыс тым,
Шекарасы шектелмеген кеңістік –
таныс жұлдыз,
таныс түн.
Ақылымды әуестікке жетелеп,
шақырғандай жекелеп...
Қарақошқыл көк жүзінде орын жоқ,
түрленген бір – текемет!
Түн реңі тамсандырған тамаша,
өрмегінде өрілгендей алаша!
Жұлдыздардың жетпейді екен санына,
барлық құмды санаса!?
Ұқсатамын төңкерілген түңлікке,
(пенделіктен пір күтпе!)
Көзіменен қарай салсаң ғарыштың,
Жұмыр Жерің – бір нүкте!
Жерім – нүкте,
мен – тозаңмын ұшатын,
көң-қоқысты құшатын!..
Күн өртеніп,
Жер жарылып кеткенде,
жоғалады “кісі” атым!..
О, Жаратқан!
Шіркей де бір, мен де бір,
өзегі өрт – өр көңіл.
Таусылғанша тірліктегі талқаны
құдайсынған пенде бұл.
Ғарыштан жай іздейді енді есерлік,
көлік сайлап көшерлік...
Топырақтан тозған тозаң топыры
тұңғиықты тесерлік.
Жаратқаны-ай месер қып...
Өмір өтіп кеткендей жалған күліп...
Есіме түссе кешегі
есеңгіреген ескі күн,
Сағыныш сазы еседі
Кеудені кернеп кешкі мұң.
Кеше еді-ау бәрі,
кешегі,
Ғұмырдың гүлдеп бақшасы,
Бауырын бұлттар төседі,
Жайылып жерге ақ шашы.
Төбемде төніп нұр аспан,
үстінде аунап көкалдың,
Қызықты қуып қыр асқан,
балалық,
қайда жоғалдың?!.
Шалқалап жатып шақырдым
шашақты шақтың шаттығын,
Арманмен таңды атырдым,
Күлкісін қимай батты күн.
Тас тіліп қара табанды,
тау-тасты кезетінмін мен.
Шаршатып сәби шамамды
Жинадым мойыл, бүлдірген.
Жарылған аяқ, балтырға
шешеміз жақты қаймағын...
Айырбастамас алтынға,
Қайғысыз сол бір қайда күн?!.
Жабысып жылдар жалына
кеткеніңді де байқамай
Тоя алмай талқан – тарыға,
Шалабын ішіп шайқамай?!.
Елестеп ерке балалық,
Балдырған қолын бұлғайды,
Дария-дүние даналық
артына мойын бұрмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу