Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  62


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қараша қайта күз ұлып...

Қараша қайта күз ұлып,
Желіні бұлттың сыздады.
Жапырақ түсті үзіліп,
Таусылып татар тұз-дәмі.
Көктемі, жазы өткенді
Тосады алдан кәрі қыс.
Қызғалдақ терген көк белді
Алады еске сағыныш.
Күннің де өңі сынады,
Сәулесі сүттей сауламай.
Жұлдыздар көзін жұмады,
Жиекке таман аунап ай.
Селеудің шашы сіркелеп,
Мұртына мықтап мұз қатқан.
Қамыстың басын күркелеп,
Сыбызғы сабын сыздатқан.
Жонына жолдың қақ тұрып,
Таяды желдің табаны.
Шапанын шешіп лақтырып,
Қоңыр күз қашып барады.
Өңір де…
Жүдеу көңіл де,
Күлкісін ұрлап алғандай.
Айналып тірлік темірге,
Дүние қатып қалғандай.
Үркеді жүрек,
Қорқады,
Тұрғандай дарға ілініп…
Жотада бөрі жортады,
Табаны мұзға тілініп…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу