Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  76


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өлерімді білмеймін...

Өлерімді білмеймін,
Өлмесімді білмеймін,
Болашағым белгісіз?!
Айтып, айтпай білгенді,
Үміт өліп үлгерді,
Тасқа салдым бір белгі,
Мұнараға бергісіз.
Қай ұшардан құладым,
Қай биікте тұрағым,
Буалдырған бұлыңғыр...
Текті Түрік төрінде,
Өр Алтайдың өрінде
Кісінейді құлын-жыр.
Сыймағандай санаға,
Тауға, жапан далаға...
От шашады тұяғы!..
Шыңыраудан шырқырап
Шығып, көңіл шырқын ап,
Іздейді жылы ұяны.
Тұра ма тұғыр тұлғалы,
Қайратын қайрап қырдағы,
Арман боп адасқандарға?..
Тарқатып Тағдыр түйінін,
Инабат ұйып иірім,
Тарта ма Алаш-таңдарға?!
Құз-қиялы болса алдым,
Көпір төсеп жол салдым,
Құламауым үшін де.
Арасында өлі менен тірінің,
Ірімшіктей ірідім,
Сары суы ішінде...
«Ескерткішті» ескермей
Қалып қойма көшке ермей,
Тұғырды тұттай қалдырып?..
Жусан мен жетім балбалдай,
Тиексіз тілге алданбай,
Тұрар
мысың мәңгілік?».
Туған жерге сән құрып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу