Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  90


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Күн қысқарып...

Күн қысқарып,
Қара түн ұзапты алға,
Уақытты күш қайда тұзақтарға?!
Улап-шулап ағашқа қойып жатыр,
Түстігіне жол тартқан ұзақ-қарға.
Ертіп алып биылғы балапанын,
Сүмбіленің сыйлайды саратанын.
Балақ жүні жетілмей бала қарға,
Анасының аңсайды алақанын.
Алдындағы болжаусыз болашағы,
Түстігіне тірліктің жол ашады.
Қауырсыны қатпаған сарыауызды
Тағдырының тоспасын «қорасаны».
Ащы-тұщы өмірді білмейді әлі,
Қара қарға «аппағы»- гүлдей бәрі.
Қанатынан қайырып, қауырсынын
Тіршіліктің тұяғы жүндейді әлі.
Жан иесі бір-бірін азық қылып
Жей береді,
Санасы сазып тұрып.
«Жан бергенге дән берген» жаратқаның,
Ендеше жоқ зорлықта жазықтылық.
Тап-тазасың ендеше күнәдан да,
Тәбетіңді тартасың ұнағанға…
Бұйырғанын теріп жеп жер үстінен,
«Құс жолымен» қайтады мына қарға.
Қараңғы түн,
Көз жасын алады іркіп,
Бұлт көшеді әбігер алабұртып…
Дүркіреген дүние дүбірінен
Ұзақ-қарға зәресі барады үркіп…
Бірін бірі үркіткен өмір-бөрі,
Жеңгеніне жем болған жеңілгені…
Алты қабат Аспан мен жеті қат жер
Үңгірінен үңгілген көңіл көрі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу