Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  81


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Уақыт уәжі

Уақытты ауыздықтап мінер ме еді,
Көңілдің көтеріліп күдер көгі.
Сусыған сахараның сар құмындай,
Заманның ақиқат қой үдермегі?!
Сусыған уысымда сары құмдай,
Саршаның бұлдыраған сағымындай,
Уақыт желаяқтай зырылдайды,
Зорыққан тіршіліктің жаны қылдай.
Уақыт, тарта-тарта тізгініңді
Шаршаған шала жанбыз біз бүгінгі.
Озасың олжаңды алып омыраулап,
Қалдырып табағыңда тұздығыңды.
Сыпырып сыбағамды ала қашты-ақ,
Қалдырып қазанында қара қаспақ.
Көйлегін көңілімнің шешіп алдың,
Қай жаққа апарасың жалаңаштап?!
Ұрладың көк түріктің тектілігін,
Лайладың айдынымның көк тұнығын.
Аңыздың адырдағы масағындай
Сиректеп салтанатым кетті бүгін.
Білмеймін,
Бұдан әрі не болады,
Түбірі тектіліктің жоғалады?!
Айналып сайтанға адам бара жатыр,
Шешіліп құлақбаудан доғалары.
Арым да алқам-салқам азғырынды,
Тәнім де кепкен көндей таз қырынды…
Қаңқылдап дүниені жат қылады,
Түстігін таба алмаған қаздың үні…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу