Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  99


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Азуын Айға бiлеген арыстандаймын...

Азуын Айға бiлеген арыстандаймын,
аранның азығын iздеген.
Арманнан адасып қалған арыстардаймын,
үмiттiң ақ жiбiн үзбеген.
Қайратқа жанып қуатты жаныққандаймын,
ұрпақтан ұялмау үшiн де.
Бөрiнiң тағы тұлғасын танытқандаймын,
бөлтiрiк шошитын түсiнде.
Мазасыз тiрлiк тулақтай сүйретiлгенде
даланың дидары тозады.
Көңiлдiң көк күмбезiнен күй кетiлгенде,
басталар өмiрдiң тозағы.
Жоғалар жұмақ жанымды жай таптыратын,
арманның алдында жол қалмай?!
Азатсыз азан артында «айтақ» тұратын,
сарсыған сезiм сормаңдай.
Шаршаған шабыт шаңына тұншыққандай ма,
аңсайды алыста ғарышын.
Жалынды жырлар сырларын сыңсытқанда Айға,
перiште жүректi танысын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу