Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  105


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ұлтсыздық ұрық сепкенде...

Ұлтсыздық ұрық сепкенде,
ұлағат қалар үйелеп.
Тамұққа түскен көп пенде
рухты жатыр күйелеп.
Намыстың таңы жыртылып,
Жан арға болмас садаға.
Көзiне қайғы– мұң тұнып,
Ес кеттi қаңғып далаға.
Жүректе суып жылылық
Мұз қатты пейiл төрiне.
Iзеттiк қалар бұғынып,
қараңғылықтың көрiне.
Аранның аузы ашылып,
тойымсыз тiрлiк тайраңдар.
Наданға дана бас ұрып,
таязда тағдыр қайраңдар.
Отыз тiс тiлдi тiстелеп,
Сақаудың сөзiн ұқтырмас.
Ашыған ақыл үш бөлек,
Жұмырға кенеу жұқтырмас.
Ақиқат мыйы айналып,
балшыққа батып шыға алмас.
Күннiң де көзi байланып,
Жұмыр жер сәуле нұр алмас.
Тот басып қында алдаспан,
ойнамас жауға жасындай.
Алтайдың шыңы қар басқан
тұманнан тұрар ашылмай.
Бiрлiктiң қалмай бүтiнi,
жатырда быт – шыт жарылған.
Тiрлiктiң бықсып түтiнi,
айнала алмады жалынға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу