Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  91


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Менiң үнiм жетпейдi....

Менiң үнiм жетпейдi,
Сенiң сөзiң өтпейдi.
Күннiң көзi шуақсыз,
Қырат қалай көктейдi?!
Қына мен мүк аралас
Жартас тұттай жалаңаш.
Тұтам – тұтам тiрлiктiң
үңiрейген араны аш.
Көкiректiң сырылы –
көк шегiртке шырылы,
Көксау кеуде кеуектей,
жұлым – жұлым жұлығы.
Менiң үнiм ұрансыз,
Сенiң дiнiң құрансыз.
Көңiлдердiң түпкiрi
көң сасыған тұман, сыз.
Бәйшешек те байқалмай,
Самалменен шайқалмай
солып жатыр,
ақындай
айтатынын айта алмай.
Таңым тозып атқанда,
Күнiм күлмей батқанда
бәйшешек не, тәйiрi,
тұғыр құлап жатқанда?!
Ана сүтiн емiзбей,
«ана тiлiм» дегiзбей,
тiрлiк тiлдi байлады,
Аузын буған өгiздей.
Сарыбастаудың бұлағы,
көз жасындай тұнады.
Қаражалдың қаңбағы
қаңғиды,
жоқ тұрағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу