Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  86


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қызығуға

Қызығуға,
Қызынуға ұқсамайды,
Басқарақ?!.
Құмар іші
Құлшынысым ашқарақ...
Уыздайын ұйып тұрған
Ақ тұма ұясынан
Ұшып шықты жас қанат.
Қайтқан кезде өрістен,
Ақ сүт еміп ПЕРІШТЕМ,
Қай қиырға бастамақ?!.
Бала күнге,
Лала гүлге
Ашылады қас-қабақ,
Қонған кезде басқа бақ.
Қызығудан,
Қызынудан өзгеше...
Сана салғырт,
Миым мәңгүрт,
Сезбесе!?.
Жұмбақ жанар жасырған,
Құлын-қулық асырған,
Безінер ме безбесе?..
Құпияның кілті жоқ,
Қапия тұр кірпі боп,
Сұғын сұқтап...
Берер емес сөзге есе!..
Мас та емес,
Жас та емес,
Мына көңіл бір түрлі...
Пүліш түнде,
Гүл үстінде
Жалғыз тамшы іркілді.
Құлатпаймын,
Жылатпаймын,
Сына
птайын дірілдеп,
Жанарыңда НҰР тұнды.
Ақ сәулесі аймалап,
Шаш етегін жаймалап,
Тастөбемде Күн тұрды...
Бақыт– гүлге ұмтылды.
Алыстан да...
Ғарыштан да жұмбақ бұл,
Белгіліні
Белгісіздік ұрлап тұр.
Ауыл шалғай,
Жауын жаумай,
Өңір...
Өмір құрғап бір,
Ақ селеудің шашында,
Боз жусанның басында
Үміт қолын бұлғап тұр...
Сен
Несібеме– нұр, бақ, гүл
Сыйларсың?..
Мүмкін қинарсың,
Еркіңде!
Апарып таста төркінге!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу