Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  85


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өткелінен өтіп барам өмірдің...

Өткелінен өтіп барам өмірдің,
Орманында қалды ойсырап ой қалың.
Топалаңның тозаңына көмілдім,
От-алаңның шоғын басып ойнадым.
Күптілігін күлкі керіп көңілдің,
Күйкі тірлік қызығына тоймадым.
Шала мастың шарасынан төгілдім,
Баданадай балалады бойда мін.
Меңдуана жеген жандай мәңгіріп,
мәңгүрттіктің маңайынан озбадым.
Жүрегімде жетім дауыс жаңғырып,
Боз далада боз інгендей боздадым.
Қиялымның қиясында қаңғырып,
тіршіліктің табанында тозғамын.
Мұз үстіне алау жағып мәңгілік,
тас көмірдің қозасындай қоздадым.
Сақау қылып...
Саңырау ғып жіберген
Қандай Құдай,
қандай Тәңір,
қай Алла?!.
Жұрдай болып намыс пенен жігерден,
арсыздықтың алақанын жаям ба?!
Үміт жібі үзілгенде күдерден,
Арманым, Сен, асуыңда аялда...
Балбал тастан тегіңді іздеп түгендел,
Баяғымды бүгініме баянда.
Масайраған мансабыма мінгесіп,
маужыраймын мастығымнан айықпай.
Тәңіріммен түсте ғана тілдесіп,
ал өңімде жортамын жел қайықтай.
Күпір кеуде бірде өсіп, бірде өшіп,
Рухымды жұтатады байытпай...
Жанарымнан жоғалғандай нұр көшіп,
өтіп барам жалғанымды айыптай.
Ұрпақ та жоқ ұлағатты ұғатын,
теріс киген тағдырының телпегін.
Бабамның да,
атамның да мұратын
естімеппін,
елестеумен ертеңім...
“Насыбайға өкпелеумен бір атым”,
Бөтендерге бұйырыпты төр тегін.
Аймағымның өрт шалып ой-қыратын,
Жел жалайды жап-жалаңаш өртеңін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу