Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  102


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

“Қазақ” десе...

“Қазақ” десе,
денемде қан ойнайды,
алпыс екі тамырымды бойлайды.
“Аталықтың” аруағына сыйынып,
Руына ұран салмай қоймайды.
Арманымның аңқымасы аңқи ма,
Өзегімді өртеген от шалқи ма?!.
Қайран Баба,
арды аяққа таптатпай
жанып кеткен,
намыс үшін жан пида!
Намысыма тиіп кетсе әлде кім,
“Жағасына жармасатын” хәлдемін.
Түріксойдың табынатын Тәңірі
тығылмайды тасасына “сәлденің”.
Түрегелем Тәңіріме табынып,
Көктемдегі қарт бурадай шабынып.
Қабағыма мұз қатады қыраулап,
ашуымның “қара” бұлтын жамылып.
Тамырымда тарамыстай тектілік,
Жанарымда мөлдірейді Көк тұнып.
Алтынтаудың аңыратып аясын,
Көкбөрілер кейде өкініп,
өтті ұлып...
“Қазақ” десе,
“Алаш” десе,
қан қызып,
Босағада шашылады бар “қызық”.
Алапат күш білегінде бұлқынып,
Бөрі мінез босанады “қарғы” үзіп.
“Қан” дегенің тамырда аққан сұйықтық
емес,
жанға жатыр мәңгі құйып Құт.
Қаперінің қазанында қайнаған
ұлағатты уыздайын ұйыттық.
Қиялымда қызықтырып қыз-көрік,
үміттердің жібек жібін үзбедік.
Қан болмаса,
тіршілігім қазақы
қатып қалар еді мәңгі мұз болып.
Қаным – қазақ,
Жаным –қазақ,
Жасырман,
Кейде боран,
кейде Күндей ашылған
мінезім бар,
ауыздықсыз асаудай
ауып келем ғасырларға ғасырдан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу