Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  77


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қысқа да нұсқа ғұмырым

Қысқа да нұсқа ғұмырым
найзағай оттың жарқылы.
Өзегім – өлең,
жұлыным –
жұлдызды жырдың жалқыны.
Гүл-өмір көктеп бағында,
Шуаққа жайды саусағын.
Тағдырым түлеп тағында,
тосады таңнан шау-шағын.
Жылдарға ессіз еркелеп,
Тербеді арман бесіктей.
Күндерді жүрдім келте, деп,
арасы төр мен есіктей.
Әспеттен Әлем әсерін,
молайды әжім маңдайда.
Тамсана татып әселін,
қалдырдым дәмін таңдайда.
Адасса арман, артында
сүйретіледі сұлбасы.
Айырбасталмайды алтынға
тұмадай мұңның тұнбасы.
Кісінеп көңіл құлыны,
Құладүз-кеуде күрсінді.
Түтіліп жүйке-жұлыны,
тірлікке тозаң кір сіңді.
Өңірге, Елім, тағынған
жоғалмас темір түймеңмін.
Бақыт пен сордың бағынан
сүю мен күюді үйрендім.
Жанарда сөнсе жарық Күн,
Басымда күзет – шырақшым.
Асқары биік Алыптың
тұрағы таулы шұнақ Шың.
Қысқа да,
ұзақ ғұмырым –
жай оты, өткен жарқылдап...
Үзіліп түссе жұлыным,
жатармын жерде салқындап.
Жоқ болсам,
жұртым, Сен барсың,
Аяла, асыл Ұл тап та!..
Өлеңнен басқа нем қалсын,
Аманат келер ұрпаққа!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу