Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  107


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қабырғасы қара бұлттың сөгіліп....

Қабырғасы қара бұлттың сөгіліп,
жел қуалап жөңкиді.
Бұтақтардан сар жапырақ төгіліп,
көбелектей көлпиді.
Ақ даланың арудайын ажары
әжім басқан кемпірдей,
Қара күйе күз кейпінің қазаны
келіп қапты төркіндей.
Сары дала санасында сарғайып,
селеу-басын сілкиді.
Айлағында алас ұрған сал-қайық
толқындардың тепкісінен үрпиді.
Боз жусан мен боз бетеге қуарған
сабағында сыңсиды,
Қара тірлік тамырнан суалған
тыным тауып тыншиды.
Күн қабағы...
Ай қабағы кірбең-ді,
жылытатын жоқ әлі...
Бозша торғай паналайды бүргенді,
қалықтамай жоғары.
Айыртаудың жартасына жармасып,
мұз қатады қыраулап...
Жыл құстары жөңкіледі алға асып,
тырналары тыраулап.
Сары көңіл,
сары уайым...
сары күз,
тірлік дәмін татырған...
Жылқы тектес қазақпыз ғой – бәріміз,
жем жейтұғын ақырдан.
Сарғайғанда санамыз бен арымыз
аруақты шақырған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу