Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  73


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Намысым қайда...

Намысым қайда,
намысым,
“Садаға жаны ар үшін”?!
Тілімді тістеп мен тұрмын,
“тауықтай терген тарысын”.
Түркілік тектің жұрнағын
зымиян заман, ұрладың.
Керенау көңіл кеш білді,
Құдайдың көзі ұрғанын.
Арманы асқақ ақынның
қиялын құмға батырдың!..
Өзі өліп,
тілін қалдырған,
тағдырын бермей Латынның.
Көкірек көзім жабылды,
Күркілдеп өкпем қабынды.
Сандуғаш сайрап тұрмаған
қайтемін жасыл бағыңды!?
Көмейге бұқты қызыл тіл,
Көктемім құрғақ,
күзім тұл...
Алаңдай берем артыма,
тататын қандай тұзым тұр?!
Сорпасын сығып қанының,
Солқылдар шеке тамырым.
Тілімді тістеп өлгенде
Күңреніп жатар қабырым.
Ұлардай ойым шулаған,
Жанарды жасы сулаған...
Саңырау болып құлағым,
Сақау боп неге тумағам!?
Жүрекке ажал қадады оқ,
Жаралы жанды шалады от.
Кекілім, жалым күзелді,
намыстан...
ардан ада боп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу