Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  76


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Мақтанға толы дүние масаттанып...

Мақтанға толы дүние масаттанып,
Шылғидың шылбыр жібі шашақталып,
ақ көбік езуінде есіреді,
жалғаны жасауылдай жасақтанып.
Жаны бар жаһаннамда жасқанбайтын,
ақылды айламенен астарлайтын.
Жүректің жіңішкерген жібі үзіліп,
Көзінен көкіректің жас парлайтын.
Күдіктің көлеңкесі ұзарады,
Мақтанның бөбешегі қызарады.
“Бақыттан” басы айналып бара жатса,
Сорынан солықтайды сыз алабы.
Ұйысып жабағыдай күземдігі,
үзердей шіренеді үзеңгіні.
Жұмыр Жер жарылуға шақ қалады,
тырсылдап жаз бойлығы, күз ендігі.
Қоршаған ауаң толы мақтаншаққа,
(Тәңірім, ақырзаман шақтан сақта?!)
Атасы атой салып алдан шығар,
Ғарыштың ғаламына аттансақ та.
Мақтаның масайраса масатыдай,
қалмайды ақиқатқа тас атылмай.
Өтірік өзеурейді өзегінде,
шындықтың шымылдығын ашатындай.
О, мақтан, пенделерді даң қыласың,
Ақиқат аттамайды аңдығасын.
Ұяттың ұясына ұялап ап,
Лыпасыз дүниені қалдырасың.
... мақтанам,
... мақтанасың,
... мақтанады,
Мақтаннан масаң тірлік шат табады...
Әзәзіл құдығының суын ішіп,
пендең тұр “ала жіптен” аттағалы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу