Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  71


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Азатпын ба...

Азатпын ба,
азаппын ба осы мен?!
Көңілімнің қошы кем...
Заманымның заңғарынан көрінер,
Жарық жұлдыз тосып ем.
Тамырымның тереңінен өрілер
тектілердің қауышар ма ем досымен?!
“Қазақпын!” – деп қауқылдасам, дауысым
жаңғыртпайды тау ішін.
“Сүйектен сөз өткізетін” “қара тіл”
жаралмаған дау үшін!..
Кеуделемей “қара қайғы” бара тұр,
Мына мезет – ауысым.
Сөйлемесем,
суық сезім сұрланып,
ұшып шығар ұрланып,
көкіректің қордаланған “бұлтын” ап...
нөсерлейді тұлданып.
Бассыз ашу бурадайын бұрқырап,
Шабынады жынданып.
Өзімді өзім түсінбеуге айналдым,
“Жұлдыз бардым, Ай бардым”.
Қара қылды қақ жаратын, қара тіл,
Ақыл-ада, ес-есеңгір, сана-тұл,
Көкіректі қайғы алды...
Азатпын ба,
азаппын ба, білмеймін,
Кейде Күндей,
кейде қара түндеймін.
Дүниенің сөлін сыққан уақыт
дегендей ме: “Жүндеймін?!”
Зар илеген жүрегімді жұбатып,
ұйқысыз көз ілмеймін...
Ұлтымнан да,
жұртымнан да адасып,
тірлігім тұр таң асып...
Төре тілді түркілердің ұрпағы
бөгде тілге таласып,
жұлым-жұлым ұлтарақтай ұлтаны,
өлеусірейді қар
ашық...
Мен отырмын бал ашып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу