Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  114


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қанды соғыс әкемді алып кеткен...

Қанды соғыс әкемді алып кеткен,
Сәбидің от жүрегін шалып беттен...
Атан түйе көтермес ауырлықты
Арқалаған ер еді халық неткен?!
Таразыға тартылды тарихымыз,
Бесігінде бұзылды бал ұйқымыз.
Қансыраған қызыл күн райынан
Тарылатын тағдырды танитынбыз.
Қара тірлік,
Қара қос,
Қаралы ауыл...
Бұрқыраған долданып «қара дауыл»...
Арманымның аңқасын кептіреді,
Тіршілігім тынысын алады ауыр.
Шөп мәшіннің орағы зырылдайды,
Жетектегі төрт өгіз қырылдайды...
Аналардың көңілі күдік толы,
Келмесін деп тілейді «ұрын» қайғы.
Ұрын келіп уайым улатады,
Ауыл-үйді ұлардай шулатады.
«Қара қағаз» қайғысы қанда қатып,
Сәбидің де жүрегін тулатады.
Қалды талай айтылмай ауыл әні,
Қанға батты дала мен тау ұланы.
Қара табан күндерді елестетсем,
Қартаң тартқан жүрегім ауырады.
Өткен ғасыр елес боп елестейді,
Өткен шақпен келер шақ теңеспейді.
«Құдайымның жазғаны» дей саламыз,
Ал, Құдайың адаммен кеңеспейді.
Сынай беріп несі бар «жасағанның»,
Шыға келер шүйлігіп тасадан мұң.
Алламенен жұмысы болмайды екен,
Ауқатынан айрылған аш адамның.
Қара тірлік,
Қара қос,
Қаралы адам,-
Сұрапылда сағатын санамаған.
Қараңғыға қамалған қара көңіл
Жасқанады жалғандық самаладан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу