Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  114


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

О, менің жетім қозым...

О, менің жетім қозым,
жетім лағым!..
Қалмады бойда намыс,
бетімде арым!..
Жарылып кетпейсің бе жаманаттан,
бауырға құйылатын өтің барың?!
Уызға жарымаған, жетімегім,
Қалайша мұхит асып кетіп едің?!
Тағасыз тайғанақтап тас-тірлікте
тозған тұяқ секілді кетілемін.
Жат елдің жайлауында жайыласың,
Жат тілмен кәлимаңды “қайырасың”...
О, Құдай!
Мазағың ба, азабың ба,
баламды бауырымнан айырасың?..
Қалмады Сенен басқа арызданар,
(арманның арнасында аңыз қалар?!)
Түріктің тектілігін тәрк етіп,
Жайым жоқ жат жұрттыққа қарызданар!..
Салам ба қыл арқанды мойыныма?!
(Тәубәшіл қазақ едім тойымыңа.)
Ақ қанат арманымның көбелегі –
сәбиді сыйдырмадың қойыныма.
“Қарыштап Қазақстан” тұрғаныңды
қайтейін,
мұнар басса шыңдарымды?!
Ханың бар,
қарашаң бар, қаңғып кеткен
жиып ал шашылған қыз-ұлдарыңды!
Түсірме жүрегіме қалың қайғы,
Онсыз да басымнан мұң арылмайды!..
Алсаң да адам жасап топырақтан,
Қазақтың қаны одан табылмайды.
Не сұмдық бөлке нандай бала сатқан?!
Арманның Аспантауын аласартқан...
Көкесін тауқыметтің көрген қазақ
дәл бұлай айрылмаған парасаттан!
Шындықтың шылбырындай шешілгемін,
ойнаған төбемде Ай,
төсімде Күн!..
Ұрпағым ұясынан адасқанда
не сәнім “егемен” боп есіргенім!?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу