Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  244


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ұланым – арман жыр -әнім...

Ұланым– арман жыр-әнім,
ардақты алтын тұрағым.
Төсіңде тұрып тербелдім,
Кеудемді кернеп нұр-ағын.
Айыртау қолын бұлғайды,
Сезімнің сырын ұрлайды.
Сандықтас, салқын самалың
сағыныш сазы– сырнайлы.
Сібенің суы балдайын,
Тұщынар татсаң таңдайың.
Көктаудың қына шыңдары
сүйгізер Күнге маңдайын.
Қойнауы құтты Қалбаның,
көмкерген орман жалдарын...
Қайыңы қыздай құлпырып,
Салады сазды жанға мұң.
Боз жусан жапқан қырларым,
Сағыныш сырын ұрладың.
Сөнбейтін Күнім– туған жер,
Кеудемде күліп тұрғаның.
Ұланым менің сүйкімді,
Тербеткен тәтті ұйқымды.
Сағынсам сені саржайлау
кеудемде күмбір күй тұнды.
Ұланым– алтын бесігім,
Керуені көңіл көшінің.
Тағдырдың тарғыл жолында
өзіңнен болған несібім.
Атыңнан айдай айналдым,
Қанатын жырдың жайғанмын.
Жырақтап сенен кете алмай,
Кіндіктен берік байландым.
Кетпедім жырақ өзіңнен,
етпедім таса көзімнен.
Жанымның жарық жұлдызы
екенін Сенде сезінгем.
Қарызың қалың мойнымда,
Орманы қалың ойдың да...
Дамылдың тауып дауасын,
Жатайын Сенің қойныңда!
Затыңмен атым кірігіп,
Төбемнен түңлік түріліп
тұрғанда, менің, Ұланым,
бітеді бойға ірілік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу